А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫ АРҚЫЛЫ  БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ БОЙЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ СІҢІРУ

А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫ АРҚЫЛЫ  БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ БОЙЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ СІҢІРУ

Дусимбаева Молдир Усеновна

Алматы қаласы, Медеу ауданы Ш. Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, шебер-педагог

                             …Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
                                  Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
                                      Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
                         Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін. 

 А. Байтұрсынұлы

   «Əдебиет ұлтқа қызмет етуі керек» деген қағиданы ұстанған, сол жолда аянбай қызмет еткен  Алаш арыстарының бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Еліміздің ел болып қалуы, ұлтымыздың ұлттық сипаттан айырылмай, дербестікке жетуі, қазақ халқының мəдениеті жоғары, басқа мемлекеттермен терезесі тең, білім бəйгесінде озық елдер қатарыда орнығуда ұлт ұстазының шығармалары  – қараңғы түнде адастырмас темірқазықтай көрінеді. Ғалымның әрбір ой-тұжырымының астарында мына мақсаттарды көздей отырып, ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре білген. Біріншісі – әлі қараңғылықтың қалың ұйқысында мүлгіген өз халқына ой тастап, білімге ұмтылдыру, жол көрсету,  екінші мақсаты – халықты қоғамдық-әлеуметтік көкейкесті мәселерді танып білуге үндей отырып, азаттықтың жолын аңғарту, бостандыққа ұмтылуға жөн сілтеу еді.

         Ахмет Байтұрсынұлының өнер-білімді «таза күйінде» жеткізіп қана қоймай, оны халықтың бостандыққа ұмтылуының нұрлы сәулесі санайды, ұлт пен ұлтты теңестіретін ұлы нәрсе ғылым мен өнер екендігін ұғындырғысы келген. Өзінің ұлттық идея мен құндылықтарға арналған  негізгі ой-тұжырымдарын 1913-1918 жылдары Орынборда өзі шығарған «Қазақ» газетіндегі мақаларында үздіксіз жариялап отырған.  Газеттің 1913 жылғы тұңғыш санында былай деп жазған еді: «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге  мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауымыз керек».

         А.Байтұрсынұлы əдістемеге қатысты «Тіл жұмсар» еңбегінде баланы оқытудың немесе үйретудің табиғи жолы тəжірибе арқылы білім алатын жол екендігіне баса назар аударған.

        Ғалым былай деп жазады: «Бала білімді тəжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның білімінің, шеберлігінің ұзақ жолды қысқарту үшін…», – деген.  А.Байтұрсынұлының бұл тұжырымы қазіргі кездегі білім беру саласында өзгерістердің, оқу үдерісіндегі жаңашылдықтардың негізі болып табылады.

     А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, оған тек құрылымдық бірлік ретінде ғана қарамай, тіл табиғатын түсіндірудің амалдарын іздестіріп, оны адамзат болмысының өзіндік бір бөлшегі ретінде қарастырады. Мұндағы сөздері мен сөйлемдері,  қазақ терминологиясы қазақ тілінің төл табиғатынан шығып, ұлттық таным-түсінікті, ұлттық ойлаудың деңгейін қалыптастырды. Қазақша әліппе жасауы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың бейнелі ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін(грамматика) қалыптастырып шығарған құнды еңбегі өз кезеңінде өте жоғары бағаланған болатын. Осы еңбекте жүйеленіп, тіліміз бен ғылымымызға енген төл грамматикалық терминдерді әлі күнге білім беру саланысында қолданып келеміз. Қазақ сөзінің қасиетін, табиғатын танытуға баса назар аударған әдіскер-ғалым тіл туралы былай дейді: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық түсер еді» [2, 8]. Осылайша ой қорытқан ұлт ұстазы тілдің қоғамды, əлемді танудағы асыл қасиеті туралы да мынандай ой түйіндейді: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – дейді. Тіл – алты-жеті қамалдың ішіндегі ең соңғы құлайтын қамал. Тіл құласа, ол тіл қызмет еткен, сол тілмен бірге аталып келген халық та құриды. Адамдар болғанмен, олар қазақ болмайды. Сол халықтың аты жойылады. Біз әрбір сабағымызда ғалымның тіл туралы толғамдарын бала бойына ұялата отырып, тілдің адам өмірінде алатын орны ерекше екендігін жеткізіп отырамын. Себебі ғалым қазақ елінің азаттығының негізгі көзі – ұлттық тіл, жазу, ұлттық негіздегі мектеп, мектеп сұранысына сай сапалы оқулықтар мен мектеп ісін жандандыратын мұғалім екенін терең түсінді. Қазақ тілі мен ұлттық жазу  жүйесінің бірізді болуына ерекше мән берді, қазақ баласына ұғынықты алғашқы Әліпбиді де жасап берді. «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде оқуы керек» деген тілекті мұрат етті, себебі «Тілі жоғалған  ұлттың өзі де жоғалатынын» тарих дәлелдеген. Бұл бастамалар – бүгінгі күннің басты талабы.

      Ұлттық идея – Байтұрсынұлы шығармалары мен азаматтық ұстанымының негізгі өзегі. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тиымдары арқылы жүйеленген сезім. Ал, ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның басты тірегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі.

Шәкірт бойына ұлттық құндылықтарды дарыту – бүгінгі  күннің өзекті мәселесі. Сондықтан ұлы ағартушының төл туындыларын оқыту да өзекті болып отыр. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының енді бір қыры – ақындық. Ақын өз өлеңдерінде    туған халқын сүю, оны өнер-білімге шақыру, халықтың салт-дәстүрін қастерлеу, анаға мейірім, халықтың даналық сөздерінен үлгі алу  сияқты қасиеттерге үндеп қана қоймай, надандық пен кемшілікті сынап та алған. «Аш көзіңді, оянып» деп қозғау салып, ұран көтереді. «Жиған-терген» деген өлеңдерінде ол ұлт пен ұлттық рухтың өшіп бара жатқан хәлін көріп, халықты бар дауысымен оянуға, серпілуге шақырғандай болады:

       Қазағым – елім,

       Қайқайып белің,

       Сынуға тұр таянып,

      Талауда малың,

       Қамауда жаның,

        Аш көзіңді оянып!

       Қанған жоқ па әлі ұйқың,

       Ұйықтайтын бар не сыйқың?!

Ақын поэзиясындағы ағартушылық – оянуға, ояну – қасіреттің сырын білуге, бостандыққа жол ашар бұлқынысқа жетеледі.

«Егіннің бастары» мысалында:

«Елде көп бұл бидайдай адам, – дейді,
Тәкаппар, оны халық, жаман, – дейді.
– Қалпы емес тәккапарлық данышпанның,
Тұтынба бұл мінезді, балам», – дейді. – деп санасы таяз тәкәппар надандардың болатынына қынжылып, сондай адамдардан бойын аулақ ұстауға ақыл – кеңес береді.

          Ел бостандығын аңсаған, оған қол жеткізудің жолын іздеген ақын үшін И.А.Крылов өлеңдерін аудару  таптырмас тәсіл еді. Ғалым Крыловтан өзі екшеп алған қырық мысалға жүгінді. Байтұрсынұлы осы «Қырық мысал» кітабында Крыловты аударуды мақсат тұтпай, ондағы тақырыпты, ой-өзекті ғана алып, өзінше еркін жырлауға, қазақ өміріне тығыз байланыстыра отырып ой айтуға ұмтылған. «Шымшық пен көгершін», « Торғай мен қоян», « Екі бөшке», « Ала қойлар» сияқты аудармаларында ақын мысалдардағы уақыт пен кеңістікті сол кездегі  қазақ қоғамына алмастырып,  түсінікті тіл мен ұғынықты жағдайда халық жүрегіне  тура жеткізген.

        Ақын Крыловтан бөлек өзі жанынан қосып былай дейді:

Қасқырдың зорылқ болды еткен ісі,

Ойлаймын – оны мақтар шықпас кісі.

Нашарды талай адам талап жеп жүр,

Бөріден артық дейміз оның несі?!

Мысалдың өн бойынан қазақ салт-тұрмысының, қазақи ойлау жүйесінің, жан-жануар туралы аңыз, ертегі, әңгімелердің табиғаты есіп тұрады. Ақын халқының тілдік қорындағы бай ұлттық өрнек, көркемдік айшықтарды өлең оралымдарына түсіріп, ұлттық санаға сай түйіндер жасап отырған.

        Ғалым өмірінің алғашқы қадамдарын бала оқытудан бастайды. Ол өз мақсатын: 

  Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

   Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым. 

      Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, 

      Көңілін көтеруге құл халықтың, – 

деп, бейқам жатқан халқын сауаттандырып, өнер-білімге, мəдениетке жетектеу деп біледі.  Осы тұжырымдарға сүйене келе, бала орта мектепте қазақ тілінде оқып, қазақи тəлім-тəрбиенің нәрін бойына жинап, ұлттық құндылықтарымыздың дәнін бойға сіңіру қажет деп білемін.

       Өз сабағымда  ғалымның «Əдебиет танытқыш», «Тіл – құрал» еңбектерін пәнімнің негізгі көрнекі-құралы ретінде пайдаланамын. Оқулықта берілетін  тілдік бағдардағы тапсырмаларды шығармашылық дәптерге, әдебиет сабағында әдеби теориялық ұғымдарды сөздік дәптерге орындату арқылы оқушының білімге деген қызығушылтарын арттырып отырамын. Мысалы,  сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берген. Мұның өзі оқушы ізденісінің бір баспалдағы болып  табылады.

         Ұлы ағартушының әдеби теориялық ұғымдарды берудегі мақсатын біз былай топшыладық. Кез келген шығарманы оқып қана қойма, ондағы айтылған ойларды санасына сіңіріп, күнделікті өмірде қолдану, көркемдегіш құралдардың өзіндік мәнін түсіну, сөздік қорын байытуды  мақсат еткен. Бүгінгі таңда оқушыларымыздың көркем шығармаларды оқу жайының қаншалықты жүзеге асып отырғандығы баршамызға аян. Сондықтан мен өз тәжірибемде көркем әдебиетті оқыту, талдаудың жолы деп, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын пайдаланамын. Сол арқылы ағартушының жоғары жақта атап өткен теориялық ұғымдарын басшылыққа аламын. Баяндаманың көлеміне қарай ақынның бір өлеңін сатылай кешенді талдау үлгісі арқылы ұсынуды жөн көріп отырмын.

А. Байтұрсынұлының «Егіннің бастары» өлеңін сатылай кешенді талдау

1. Авторы: А. Байтұрсынұлы – қазақтың тұңғыш тіл білімі негізін қалаушы ғалым, публицист, аудармашы, мысалшы

2. Тақырыбы: Бұл өлеңнің тақырыбы – тәкаппарлық, менмендік қасиеттерден бойды аулақ ұстау керектігі айтылады, кейіпкерлері – адам, бидай

3. Жанр түріпоэзия (өлең)

4. Идеясы: Адам бойында кездесетін тәкаппарлық, менсінбеушілік секілді қасиеттерден аулақ болуды үндейді.

5. Шумақ. Бұл  өлең – 9 шумақты

6. Тармақ. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әр жолы. Бұл өлең – 36 тармақты

7. Бунақ. Бұл өлең – 3 бунақты.

Бір адам// жас баласын// жанына алды,//

Екеуі //сайран етіп// кетіп қалды.//

Қыдырып //әрлі-берлі //жүрді дағы,

Егінші //егін еккен //жерге барды.

8. Буын саны –  бұл  өлең –11-12 буынды.

9. Ұйқас түрі: Бұл өлең – қара өлең ұйқасты (а,a,б,а).

10.Сөздікпен жұмыс: Тағзым ету-қызмет көрсету, қайран калу-таңғалу, шекірейіп қарау-менсінбеу, төмен бүгілу-еңкею, сорайған қарасына-бойына, тәкаппар-өркөкірек, тұтынба-еліктеме, балау-тең көру,бірдей санау, сайран етіп-қыдырып, көкке қарап-жоғары, төбеге қарап, теңгермейді-менсінбеу.

11. Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні. Өлең жақсы қасиеттерді насихаттауға  үндеп, қарапайым болуға шақырады. Жаман қасиеттерден, жамандардан бойын аулық ұстауға шақырады.

         Қорыта айтқанда, ана тіліміздің сақтап, оның мәртебесін биіктету  қазақ тілі пәнінің ғана үлесі  емес. Сонымен қатар әдебиеттің де орны ерекше. Көркем шығармаларды талдай оқыта отырып, оқушыларымыздың әдебиет пәнін оқуға деген қызығушылығын оятамыз, көркем, айшықты, әуезді сөйлеу дағдысын қалыптастырамыз. Сол арқылы оқушыларымызға ана тілінің қадір-қасиеті, құндылығын бағалай және өзгелерге құрмет жасауына бағыттаймыз.      Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері осы күнде ұлттық салт- сананы қайта жаңғырту жолындағы күрестің алдыңғы қатардағы жауынгерлері екені сөзсіз. Әсіресе, қалалық мектептердегі ана тілін оқытушы мамандардың алдындағы міндет, тіпті ауыр. Ғалымның еңбегі , қайраткерлік қызметі бізге үлгі. Ахмет Байтұрсынұлының ой-тұжырымдары  тәлім-тәрбие мектебі, ұлттық құндылықтарымыздың алтын діңгегі болып қала бермек.

(20+) “Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері… – Молдир Дуйсенбаева | Facebook

No Comments

Comments are closed.